Байып кету үшін өлілерді разы етуіміз керек пе?
Біздің қазақ қызық қой. Кедейліктен қатты қорқады. Байып кетудің түрлі жолдарын іздестіруге құмар-ақ. Осы мақсатына жету барысында өзін жоқтан бар етіп жаратқан Жаратушы Алланы да елемей кететін кездері көп. Әу баста, байлық пен жақсы өмірді Алладан сұрауымыз керек болатын. Қазір ол қағида өзгерген. Өзгергенін көз көрген. Меніңше ол мәтел “Алла разы болмай, пенде байымайды” деген мәтінде болуы тиіс еді. Арада жүрген (кеңес үкіметі тұсындағы) бір қулар оны “өлі разы болмай, тірі байымайды” деген мәтінге ауыстырып жіберген сыңайлы. (жорамал ғой, анығын Алла біледі)
Мәселеге жақын келейікші: Сонда бізді кедейліктің қыспағынан алып шығып, бізге дәулет беретін зат - өлілер болып тұр ма? Мұны қалай түсінуге болады? Сонда Құдай қайда қалды екен? Бұл сипат Аллаға ғана тән сипаттардың бірі еді ғой! Алладан өзге ешбір зат мұндай сипатқа иелік ете алмайды емес пе?
Алланың ғана істей алатын ісін Алланың жаратқан махлұқтары да істей алады деп сенсек, онда Аллаға серік қосқан болып есептелмейміз бе? Ал Аллаға өзге затты ортақ етер болсақ - мұнымыз кешірілмес күнә.